Халықаралық заңгерлер Қытайда өмір бойына сотталған этникалық қазақты қолдап, хат жазды

09:42, 30 қазан 2020
167

Amnesty International [алықаралық ұйымы Қытай билігі өмір бойына соттаған этникалық қазақ жазушысы Нағыз Мұхамедұлын босатуды талап етіп, дүниежүзілік қауымдастықты хатқа қол қоюға шақырды. Бұл туралы ұйымның сайтында жарияланды, деп хабарлайды zakon.kz.

"Ұлты қазақ жазушы Нағыз Мұхамедұлы Қазақстанның тәуелсіздік күні достарымен жиын өткізіп Шыңжаңның "екі тілде білім беру" саясаты жөнінде пікір білдіріп, Шыңжаңда тұратын қазақтарды Қазақстанға көшуге шақырғаны үшін "сепаратизм" әрекетін жасады деп сотталды. Кінәсін мойындаудан бас тартқан Нағыз Мұхамедұлы сот отырысы кезінде тергеу кезінде соққыға жығылғанын, денесін темеке тұқылымен күйдіргенін мәлімдеген. 2020 жылы өмір бойына сотталған Нағыз Мұхамедұлының хәл-ахуалына деген алаңдаушылық басым" делінген Amnesty International ұйымының науқан туралы хабарламасында.

Ұйым Мұхамедұлының жағдайына байланысты әрекет етуге шақырып, Мұхамедұлын босатуды және оны азаптамауды талап ету хатын жазуды ұсынды. Amnesty International хат мазмұнын өз қалауынша жазуды я болмаса ұйым ұсынған үлгіні қолдануды сұрайды.

Amnesty International әзірлеген хат Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық өлкесі түрмелері әкімшілігінің бюро директоры Ван Цзянға арналған.

"Құрметті директор Ван, мен сізге Нағыз Мұхамедұлы үшін алаңдайтынымды білдіру үшін жазып отырмын. Ұлты қазақ жазушы Мұхамедұлы өзінің адам ретіндегі құқығын бейбіт қолданғаны үшін 2020 жылы қыркүйекте "сепаратизм" әрекетін жасады деп сотталып, өмір бойына бас бостандығынан айырылды. Оның сот үкімі туралы ешқандай ресми құжат жоқ, бірақ туыстарының айтуынша, Нағыз Мұхамедұлын соттауға оның Қазақстанның тәуелсіздік күні достарымен жиналып Шыңжаңның "екі тілде білім беру" саясаты жөнінде пікір білдіріп, Шыңжаңда тұратын қазақтарды Қазақстанға көшуге шақырғаны себеп болған. Мұның бәрі адам құқықтары жөніндегі халықаралық заңдар мен стандарттар негізінде қорғалған бейбіт әрекеттерге жатады" делінген Amnesty International үлгісінде.

Хат үлгісінде сондай-ақ Нағыз Мұхамедұлының әділ сот төрелігіне деген құқығы бұзылғаны, оған өзі қалаған адвокат емес мемлекет тағайындаған адвокат берілгені, соттың Мұхамедұлының тергеу кезінде соққыға жығылғаны, азапталғаны жөніндегі мәлімдемелерін ескермегені жазылған.

Amnesty International үлгісінің соңында Мұхамедұлын халықаралық деңгейде қылмыс деп танылған әрекетті жасағаны жөнінде сенімді дәлел болмайынша, босату; босату кейінге қалған жағдайда азапталмауын және теріс күтім жасалмауын қадағалау талап етіледі.

Ұйымның мәліметінше, этникалық қазақ Қытай азаматы Нағыз Мұхамедұлы Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық өлкесіне қарасты Алтай аймағында мемлекеттік мәдени мұра басқармасында жұмыс істеген. Ол сондай-ақ Шыңжаң жазушылар ассоциациясының мүшесі, екі рет өлеңдер жинағын жариялаған. Оның отбасы 2012 жылы білім алу мақсатында Қазақстанға көшкен. Өзі сол уақыттан бері отбасына бірнеше рет барып- қайтқан.

Amnesty International ұйымының жазуынша, ол 2018 жылдың басында Шыңжаңның астанасы Үрімшіде жүрегіне ота жасатқаннан кейін Алматыға қыдырып барып, Қытайға оралғанда "сепаратизм" әрекетін жасады деп айыпталған.

Биыл қазан айының басында Мұхамедұлының Алматы облысы Алакөл ауданында тұратын 80 жастағы Назыкен Бікейқызы "Қазақстан билігінен, адам құқығын қорғайтын халықаралық ұйымдардан балама араша болуды сұраймын" деп мәлімдеген.

Amnesty International осыған ұқсас науқанды 27 сәуір күні де жариялаған.


Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!

Пікір