Перуашев дұрыс айтады. Әкімдер Nur Otan-ға мүше болғанды қою керек

14:43, 30 қазан 2020
111

"Ақ жол" партиясының бағдарламасынан бейхабармын. Оның қолдаушысы да емеспін. Бірақ Азат Перуашев дұрыс айтады. Негізінен, біздегі мемлекеттік қызметтегі басшылар, министрлер мен әкімдер және оның орынбасарлары жетекші партияға мүше болуды қою керек. Біз әлі де баяғы коммунистік партияның батпағынан шыға алмай отырмыз. Ол уақытта "партияға кандидат" болу – саяси карьераның трамплині деп саналатын. Сол түсінік әлі де өзгермеген, деп пайымдайды желіде журналист Тоқтар Жақаш.

Мысалы, Жапонияда ЛДП (либералдық демократиялық партия) "билік партиясы" болып саналады. Билікке 1955 жылы келген. Содан әлі мызғымай отыр. Күншығыс елінде тұрғындардың саны 130 млн. Ал либералдық-демократия партиясының мүшесі бар болғаны 800 мың. Сонда, жетекші партиясының мүшесі сол тұрғынның бар болғаны 0.7 пайызы екен. Сөйтіп, парламенттің төменгі палатасында 480 орынның 295-ін, жоғары палата 242 орынның тең жарымын иемденген.

Ал Қазақстанда 17-18 млн халық тұрады. Былтырғы мәлімет бойынша Nur-Otan мүшесінің саны 800 мың екен. Пәшти, Жапонияның ЛДП партиясымен тең болған. Ал биыл ол көрсеткіш бұдан да артты. Өйткені, партия ұйымдастырған праймеризге қатысуға 700 мың мүшесі өтініш берген!

Жапонияда мемлекеттік қызметкер бүкіл тұрғынның 8 пайызы ғана. Ал бізде 21 пайыз екен. Мұны санға шаққанда - үш жарым миллион! Кейбір деректерде шенеуніктер армиясының саны 100 мыңның айналасында ғана деп жазылған. Меніңше, ол өте көп азайтылып жазылса керек. Өйткені, тек, Қарағанды облысында 7500 мемлекеттік қызметші бар екен. Осы санды елдегі 14 облысқа көбейтсек, тек, аймақтардағы шенеуніктердің саны 105 мың. Бұған республика деңгейіндегі Астана, Алматы, Шымкентті қосамыз. Мемлекеттік басқару органы – министрліктер мен ведомстволардың саны 17. Ал бір министрдің алты бірдей орынбасары, олардың әрқайсысында екі-екіден кеңесші, департамент басшылары мен орынбасарлары, қатардағы қызметкерлерінің санына жетіп болмайсың.

Халық саны Жапониядан 7-8 есе аз бола тұрып, шенеуніктеріміз олардан шамамен 3 есе көп! Және оның бәрі Nur Otan мүшесі. Ал партияластар бір-бірінің кемшілігін жауып, көрмеуге тырысады. Бір партияға ғана мүше болған елдің трагедиясын кеше ғана бірнеше рет бастан кештік. Сондықтан, министрлер, әкімдер мен олардың орынбасарлары, орта деңгейдегі шенеуніктер бейпартия болғаны дұрыс. Мен солай ойлаймын.


Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!

Пікір