Қазақстанда ешкім ештеңе ұрламайтын жалғыз ауыл бар

16:14, 29 қазан 2020
107

Біздің елде проблемасы жоқ ауыл бар десек, сенесіз бе? Күлесіз бе? Қалжың деп қалмаңыз, шынымен солай. Одан қалды, бұл елдімекенде мүлде қылмыс жоқ. Тұрғындардың тәртіп бұзуға қолдары тимейді екен. Барлығы да жұмыспен қамтылған өйткені. Ауыл азаматтары үйлерінің де есігін құлыптамайды, көліктерін де кілттемеуге үйренген, деп хабарлайды zakon.kz Еуразия бірінші арнасына сілтеме жасап.

Біз бұл ауыл туралы жиі естиміз. Біріншіден тазалық, екіншіден жұрты еңбекқор. Үшіншіден бұл елдімекенді "шағын Германия" деп те атайды. Тағы бір дерек. Жыл басынан бері мұнда бір де бір қылмыс тіркелмеген. Ойлаңызшы, 9 ай бойы мүлде заңбұзушылық болмаған. Аңыз ба бұл әлде ақиқат па, көрейік.

Родинаны ауыл деуге ауыз бармайды. Тірлігі қалалықтарға бергісіз өйткені. Тасжол, қаздай тізілген біркелкі үйлер, супермаркет, фитнесорталық дейсің бе, жайлы өмір үшін қажеттінің бәрі бар мұнда. Сондықтан да тұрғындар қалаға себепсіз ағылмайды. Ең бастысы, ұйқылары тыныш. Ұрлық-қарлық, қылмыс атаулыдан ада.

Родинаның қауіпсіздігін 150 шақты камера қадағалап тұр. Олар ауылдың бұрыш-бұрышында ілулі. Болашақта бұл салаға сергек камераларын да тарту көзделіп отыр екен. Ауылдың ең қауіпсіз деп танылуының да себебі осы секілді.

Владислав Видченко, "Родина" ЖШС ақпараттық технологиялар бөлімінің басшысы:

Камералар тәулік бойы жұмыс істейді.Үздіксіз. Учаскелік полицей бір уақытта бірнеше орынды бақылап отыра алады. Заңбұзушылық байқалса, оқиға орнына бірден оперативті түрде жетіп барады.

Бейнекамералар орнатылғанға дейін де ауыл тұрғындарының тәртібі осал болмаған. Мысалы, соңғы 5 жылда небары 27 заңбұзушылық тіркелген екен. Оған қоса, ауыл жұрты ерікті түрде екі айда 1 мәрте түнгі және күндізгі кезекшілікке шығады.

Гүлбану Үсенова, Родина ауылының тұрғыны:

Родина селосында 23 жылдан бері жұмыс істеп келемін. Ең бірінші келгендегі мен қазіргі кезде салыстырғанда, жер мен көктей. Ауылдың халықтарына көптеген көмек жақсылықтар жасалып жатыр.

Қайрат Әлібеков, Родина ауылдық учаскелік полиция инспекторы:

Бізде тәртіпті бұзатындар көбіне сырттан келетіндер. Астанадан келіп, қоғамдық орындарға қоқыс тастап, не болмаса, жол белгілеріне қарамастан ережені бұзады. Ал ауылдың тұрғындары заңға, тәртіпке бағынатын адамдар.

Заң бұзуға уақыттары да жоқ. Себебі мұндағы 1500-ға тарта тұрғынның барлығы жұмыспен қамтылған. Көше кезіп, қаңғырып жүргенін көрмейсің.

Талғат Мұқышев, Родина ауылының әкімі:

– Ешқандай жұмыссыз жоқ. АСП дегенді ешкім бізде алмайды.

– Және пандемия басталғалы коронавирус індетімен ауырғандар кездескен жоқ па?

– Ондай індетпен ешкім тіркелген жоқ. Неге десеңіз, бас санитар дәрігердің рұқсатымен округіміз бойынша санитарлық блоктарды қойдық. Қатаң бақылап отырдық.

Ауыл жұрты көліктерін кілттемейді, үйлеріне құлып та салмайды. Мүліктерін де аулаға бейберекет тастап кетуден қорықпайды. Жақын арада қосымша 100 камера орнатып, ауылды қазіргіден де қауіпсіз ете түсу көзделіп отыр екен.


Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!

Пікір